KK/Prabhupada 1070 - Құлшылық ету — тірі жанның мәңгі бақи діні



660219-20 - Lecture BG Introduction - New York

Құлшылық ету — тірі жанның мәңгі бақи діні Санатана-дһармаға қатысты тұжырымды ескере отырып, діннің, яғни дһарма сөзінің мағынасын санскрит тіліндегі түбірінен түсінуге тырысайық. Дһарма дегеніміз — белгілі бір нәрсеге тән қасиет. Бұдан бұрын ескерткеніміздей, егер от туралы айтсақ, жылу мен жарықтың оттың бөлінбес қасиеті екенін аңғарамыз. Жылу мен жарықсыз от болмайды. Тірі жанның мәңгі бақи бөлінбес маңызды қасиетін де осылай анықтауымыз шарт. Тірі жанның осы мәңгі бақи бөлінбес қасиеті — жанның мәңгі бақи діні. Санатана Госвами Шри Чаитанйа Маһапрабһудан әр тірі жанның сварупасы, яғни шынайы күйі жайында сұрағанда, Тәңір: ”Тірі жанның табиғи күйі — Құдайдың Түптұлғасына құлшылық ету” деп жауап береді. Тәңір Чаитанйаның бұл сөзін талдай келе, әр тірі жанның басқа тірі жанға үнемі құлшылық ететінін оңай аңғарамыз. Бір тірі жан басқа тірі жанға әрқалай құлшылық етуінен өмірдің қызығына батады. Жануар адамға, жұмысшы қожасына, А жұмысшы Ә қожасына, Ә жұмысшы Б қожасына, Б жұмысшы В қожасына т.с.с. құлшылық етеді. Түрлі жағдайларда дос досына, ана ұлына, әйел еріне, ер әйеліне құлшылық етеді. Осылай зерттей келе, әлдекімге құлшылық етпейтін жан жоқ екенін аңғарамыз. Халыққа өз бағдарламасын ұсынатын саясаткер: “Адал қызмет етемін” деп сайлаушылар алдында ағынан жарылады. Саясаткерге бағалы дауысын беретін сайлаушы да: “Cаясаткер қоғамға қызмет көрсетер” деп үміттенеді. Сатушы сатып алушыға қызмет етсе, қол өнерші капиталистке қызмет етеді. Капиталист жанұя мүшелеріне қызмет етсе, жанұя мүшелері отағасына қызмет етеді, бұл мәңгі жанның бойына біткен мәңгі бақи ажырамас қасиеті. Осылай, басқа тірі жанға құлшылық етпейтін тірі жан болмайтындықтан, құлшылық ету — тірі жанның бойына біткен мәңгі бақи ажырамас қасиеті, құлшылық ету — тірі жанның мәңгі бақи діні деген шүбәсіз қорытындыға келіп тірелеміз. Әлдебір заманға және туу жағдайларына қатысты әлдебір діни нанымға иланатын пенде: “Мен — һиндумын, мұсылманмын, христианмын, Буддһаға табынушымын т.с.с. секталардың біріне жатамын”, — деп мәлімдегенімен, мұндай белгілердің санатана-дһармаға еш қатысы жоқ. Һинду мұсылман дініне, ал мұсылман һинду, христиан сияқты діндердің біріне өтуі мүмкін, дегенмен мұндай діни нанымды өзгертулердің ешқайсысы да жанның басқаға құлшылық етуге деген бойына біткен мәңгі бақи ажырамас қасиетін өзгертпейді. Һинду я мұсылман я христиан діндерінің қайсысын ұстансаңыз да әйтеуір біреудің құлы болып қала бересіз, ендеше, әлдебір діни нанымды ұстану санатана-дһарма емес екен, керісінше, құлшылық ету — тірі жанның бойына біткен мәңгі бақи ажырамас қасиеті, санатана-дһармасы. Шын мәнінде біз Құдаймен құлшылық ету арқылы байланысамыз. Құдай — жоғарғы ләззат алушы болса, біздер, тірі жандар — Құдайдың мәңгі бақи құлдарымыз. Біз Құдайды ләззатқа бөлеу үшін жаралғанбыз, ал егер Құдайдың Түптұлғасын осылай мәңгі бақи ләззатқа бөлеуге қатысып, үлесімізді қоссақ, бұл бізді бақытқа бөлейді, басқаша емес. Тәуелсіз, бұдан бұрын түсіндіргеніміздей, қол, аяқ, саусақ сияқты т.с.с. тәннің басқа бөлшектері асқазанмен ынтымақтаспайынша, өз беттерімен тәуелсіз бақытты бола алмайды, дәл осылай, Құдайға бақи махаббатпен құлшылық етпейінше, тірі жан еш уақытта бақытты бола алмайды. Сан алуан деваларға табынуды Бһагавад-гита қолдамайды, себебі... Бһагавад-гитаның жетінші тараудың жиырмасыншы өлеңінде Тәңір былай дейді: камаис таис таир һрита-джнанаһ прападйанте `нйа-деватаһ (BG 7.20). Камаис таис таир һрита-джнанаһ. “Нәпсілеріне ерген зердесіздер Тәңір Кришнаға емес, деваларға табынады”.